1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау басталды.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, балалар ата-аналарының өтініші бойынша 6 жастан бастап мектепке қабылданады. Құжаттарды egov.kz электрондық үкімет, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде 31 тамызға дейін тапсыруға болады. Өтініштер демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Қажетті құжаттар тізбесіне:
- ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің өтініші;
- №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у баланың денсаулық паспорты;
- өлшемі 3х4 см сурет (2 дана)
Ал егер сіз шетел азаматы болсаңыз, онда ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруға тиіс. Мектепке қабылдау үшін Қазақстанда тұрақты тұру құқығын растайтын құжаттарды, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеу құжаттарын ұсыну қажет.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында 536 мектеп жұмыс істейді, оның 6 жекеменшік.
2025-2026 оқу жылында бірінші сыныпқа 13 мыңға жуық бала барады деп күтілуде.